Қазіргі уақытта Қазақстан халықаралық саудада қарқынды дамып, белсенді түрде жетекші орынды иеленуде. Десе де, қуатты мемлекет дегеніміз ең алдымен, қарқынды дамыған өңірлер екені сөзсіз. Демек дамуы артта қалып, бүкіл шаруашылығы құлдырап кеткен аймақтарды аяғынан тұрғызу, экономикасын нығайту, жергілікті халықтың өмір сапасы мен деңгейін жақсарту оңай іс емес екені белгілі. Ал облысты дамыту үшін көпірме сөз, құрғақ уәдені үйіп-төгетіндер емес, нақты істің адамы, жауапты басшы болуы қажет және бұндай мысалдар ел шежіресінде жетерлік. Оған тәуелсіз Қазақстанымыздың тарихы айқын дәлел. Сонымен қатар экономикалық дамуы жағынан Астана мен Алматы қалаларынан кем түспеген 2007-2013 жылдар аралығындағы Атырау облысының озық көрсеткіштерін үлгі етуге болады.

Орындалмас армандар мен ғажайыптар ақиқатқа айналған жылдар

Атырау облысының дамуы Рысқалиев Бергей Сәулебайұлының облыс әкімі болып тағайындалар алдында бастау алды. Кейін облыстағы билік ауысқаннан кейін өңірдің экономикалық дамуы өз жалғасын тауып қана қоймай, 2013 жылға дейін орасан зор қарқынмен күрт өрледі. Бұл сөзімізге түбегейлі оң динамикаға ие болған экономиканың барлық саласының  2006-2012 жылдар аралығындағы статистикалық мәліметтері  дәлел.

Және ерекше атап өтерлік жайт, бұл тенденция бүкіл әлемдік қаржы дағдарысы орын алған кезеңде және дағдарыстан кейінгі ауыр жылдарда да сақталды. Басқа мемлекеттерде несие беру, қаржыландыру тағы басқадай проблемалар орын алып жатырғанда Атырау облысында жағдай мүлде басқаша болды.

Бұл айрықша даму, өркенді өзгеріс тек кәсіпкерлер мен инвесторларға емес, облыстың қарапайым тұрғындарының да тұрмысын еселеп жақсартты. Ресми мәлімет бойынша көрсетілген уақытта нақты ақшалай табыстары 14,5 пайызға ұлғайды. Өмір сапасының айтарлықтай артуы халықтың өсіміне ықпал етті. Әсіресе, облыс тұрғындарының саны бұл жылдары 15,2 пайызға өсіп, туу деңгейі күрт ұлғайып, керісінше өлім саны азайды. Бұл статистикалық көрсеткіштердің бастылары ғана. Жалпы облыс экономикасы барлық бағытта қарышты дамыды.

Атырау облысы  6 жыл бойы қатарынан даму бойынша 1-2 орындарды иеленді және бұл құрғақ статистика емес, бұның бәрі облыс тұрғындарының тұрмысы мен өмірлерінен нақты көрініс тапты. Сол уақыттарда жүргізілген тәуелсіз рейтингілік агенттіктердің сауалнамалары бойынша жергілікті халықтың 90 пайызы облыс әкімін толық қолдап, сенім білдірді.

Елбасы бұл жұмысты жоғары бағалап, оны бірнеше орден, медалдармен марапаттады. Облыстағы құрметті ақсақалдар, оның ішінде, академик Муфтах Диаров сияқты ел ағалары ол салғызған бір көпірді оның атымен атауды да ұсынған болатын. Әртүрлі деңгейдегі көптеген мекемелер іскер басшыны бірнеше рет облыстың «Құрметті Азаматы» атағына ұсынып, ал өңірдің беделді де атақты, адамдары, мысалы Индер ауданындағы «Социалистік Еңбек Ері» Дәулетқалиев Сақан сияқты ақсақал оған «Еңбек Ері» атағын беру бастамасын көтергенін жақсы білеміз.

Осы бәрінен бас тарта отырып, ол тіпті бұндай әңгімені көтеруге тыйым салып, барлық атқарылған жұмыстар Ел Президентінің тікелей қолдауымен жүзеге асып жатқанын айтудан танған емес, міне, сондықтан бірінші кезекте бұның барлығы Мемлекет Басшысының ерен еңбегі!

Кейбіреулер неге әкімді мақтау керек, барлығы мемлекет қаржысына салынған жоқ деп жатады!

Иә, рас, барлығы бюджет қаржысына салынды, бірақ көпшілік қаржы табу, әр жобаның толықтай іске қосылып жұмыс істеуі үшін бүкіл ұжымдарды жұмылдырып, күнделікті бақылауда ұстау, сан саладағы барлық жұмысты ұйымдастыруға іскерлікпен қатар табандылық пен темірдей тәртіп керектігін түсіне бермейтіндей. Бұл оңай шаруа емес, осындай  маңызды да жауапты міндеттің бар салмағы бірінші кезекте, облыс әкіміне түсетіні сөзсіз. Және бұл  тау қопарған орасан зор жұмыстарды облыста оған дейін де, кейін де  ешкім атқара алмағанын бүкіл тұрғындар жақсы біледі.

Қазір облыс бюджеті еш кеміген жоқ, бірақ жұмыс қайда?

Оның әкімдік қызметі бүкіл әлемді қиын қаржы дағдарысы қыспаққа алып,  республикалық бюджет көптеген жобаларды қаржыландыруды қысқартып жатқан кезеңге тап келді. Десе де, қол қусырып, сылтау айтып отырмай, қиындықтан жол таба біліп, облыстың ішкі резервін пайдаланып, басқа да игерусіз, ескерусіз жатқан салық көздерін тәртіпке келтіріп, салық салу базасын кеңейту арқылы жергілікті бюджетке түсетін табысты еселеп молайтты. Алғашқы кезден-ақ өңірдегі ірі компаниялармен тығыз қарым-қатынас пен сенімді әріптестікте жұмыс жасай отырып, бүкіл атқарушы органдарды бір мақсатқа жұмылдыру арқылы облыс бюджетін 50 пайызға ұлғайтты.  Одан әрі жыл сайын бюджет көлемін 10-15 пайызға арттырып, үкіметтен жергілікті жердегі осы табысты республикалық бюджетке алып кетпеуіне қол жеткізді. Міне, осылайша күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан облыс бюджетінің іргетасы нық қаланды.

Аз уақытта облыста бірнеше онжылдықтардың үлесіндегі тарихи ауқымды орасан зор жұмыстар атқарылды, әрине, осынша мың сан-сапат істің арасында қателіктер, кемшіліктер кетуі мүмкін. Бірақ бүкіл қолға алынған жобаның бәрі дер кезінде іске асып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Жаңылысу кім-кімге де тән және қателік жұмыс жасамай, қол қусырып отырған адамда ғана болмайды.

Қазір нысандардың бағасын еселеп өсірген, өте қымбатқа бааланған деп жазылып жатыр, бірақ бұл шындыққа сай емес. Мектептер, емханалар және балалар бақшасы – бәрі үкімет ұсынған  бір типті жобалар. Одан басқа салынған әлеуметтік объектілер мен инфрақұрылымдарды (газ құбырлары, су желілері, жолдар, тағы басқалар) Астана, Алматы, Маңғыстау сияқты басқа өңірлермен салыстырып қарауға болады.

Зер салып қарасаңыз, шетелдік немесе ұлттық компаниялар салған тап осындай жобалардың құны бірнеше есе жоғары. Мысалы, Атырау қаласы Авангард ықшам ауданындағы №3 мектепті күрделі жөндеуге шетелдік компания 950 миллион теңге жұмсады, ал осы қаржыға облыстық бюджет екі мектеп салды. Тап осындай жағдай басқа да жобалар бойынша, оны анықтап салыстыру қиын емес.

Облыстық бюджет есебінен салынған барлық ірі нысандардың жобалау-сметалық құжаттарын республикалық мемлекеттік сараптама бекітіп, рұқсат берген және шағын жобалар олардың келісімі бойынша жүргізілді. Өздеріңіз көріп отырғандай, барлық жобалар жоғарғы органдармен келісіліп, жан-жақты сараптамадан өтті, әкімшілік өз бетімен ештеңе жасаған емес.

Сондай-ақ жұмыстардың сапасы туралы жиі жазылғанмен нақты мысалдары жоқ. Тек қана Алмагүл ықшам ауданы, немесе басқа да ескіріп, әбден тозығы жеткен, баяғыда салынып, құлайын деп тұрған апатты үйлерді көрсетеді, осының бәрін бұрыңғы басшылық салып кеткендей.

Бұл жерде ескеретін жайт: бұл ықшам аудандардың жаңбырдан соң шыққан саңырауқұлақтай өте аз уақытта, жылдам салынғанын жұрттың бәрі біледі және бұлардың сапасын элиталық үйлермен салыстыру мүмкін емес және біз бұл үйлердің бәрі мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша және үкіметтің белгілеген бағасы әр шаршы метрі 56,515 теңгеге (365$) салынғанын естен шығармауымыз керек. Облыста кеңестік кезеңнен-ақ құрылыс басқа өңірлермен салыстырғанда айтарлықтай қымбат болғаны баршаға аян, себебі инерттік, құрылыс материалдары  (щебень, құм, цемент, кірпіш т.б) жоқ. Осындай кедергілер мен қиыншылықтарға қарамастан, құрылысшылар бөлінген қаржыны жеткізіп, тұрғын үйлерді уақытында аяқтап, құрылыс сапасы тиісті талаптарға сай жасалды және  бұл үйлерді бизнес санатындағы қымбат үйлермен салыстыру мүлде мүмкін емес. Бүгінде бұл үйлердегі бірде-бір пәтер бос тұрған жоқ, ондаған жылдар күткен барлық тұрғындар қолдары жеткенге риза болып, сәнді тұрмыс кешіп жатқандарына ешкімнің таласы болмас.

Айту керек, әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым жобаларының құрылысын салу кезінде әртүрлі деңгейдегі тексерулер болып, құны мен жұмыс сапасына ешқандай талап,  ешбір кемшілік таппады.

Ең басты ақиқат, бүкіл салынған объектілер халыққа қалтқысыз қызмет етіп, жұмыс жасап тұр.

Бірақ та, қарапайым халықтың қуанышына салынған бұл нысандарды бір сәтте іске алғысыз етіп, арыз-шағым жазып, қудалау үстінде. Жұрттың бәрінің көкейінде бір сұрақ – неге осының бәрі бірнеше уақыт өтіп кеткенде, қазір көтеріліп жатыр?

Бұл сұраққа орыс халқының ұлы ақыны Маяковскийдің «Если звезды загораются, значит это кому-нибудь нужно» деген сөзімен аудармасыз-ақ  жауап беруге болады.

Анық ақиқаты сол-бұл жай оқиға емес, бұның бәрі мақсатты түрде, әдейі дискредитациялау үшін жекелеген адамдардың арнайы тапсырыстары. Және осының барлығын әртүрлі бұқаралық ақпарат  құралдары отқа май құйғандай, өршітіп, әсірелеп, өтірік-өсекті қаулатып таратып отыр. Басты мақсаттары — бұрыңғы әкімнің халыққа жасаған осы мын сан игілікті ісін жоққа шығару, қаралау, жалған жала тағу.

Әрине, ол әкімнің өңірде атқарған бүкіл еңбегін санамалап, бір мақала көлемінде айтып шығу,  жалпылама экономикалық көрсеткіштермен жеткізу мүмкін емес. «Көп естігеннен бір көрген артық» деген, сөзіміз дәлелді болу үшін  оның облыс басшылығы кезеңінде өңірде атқарған басты-басты жобаларын атап өтудің артықтығы жоқ, оған сіздердің көздеріңізді жеткізу үшін  сандар тізбегіне жол берсек:

  1. Білім беру

Облыстың білім саласына  үлкен қолдау жасалып, мол қаржы бөлініп, 35 мектеп салынды. Тағы 6 мектептің құрылысы аяқталуда еді.  Алты жылда барлығы 41 жаңа  білім ордасы есігін айқара ашып, жас ұрпақтың сапалы білім алып, тәрбиеленуіне үлкен бетбұрыс жасалды.

Бұдан басқа Доссор поселкесінде 250 орындық Шәрипов атындағы мектеп-интернатқа арналған жатақхана, Индер ауданында 200 орынға арналған жазғы балалар лагері салынса, Миялы селосындағы мектеп жанынан салынған спорт кешенінің ангары жаңғыртылды.

Осы аталған кезеңде облыстың 70 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтіп, материалдық-техникалық базасы нығайтылды.

Сондай-ақ алты жылда демеушілердің көмегімен 40 шақты аз қамтылған отбасылардың балалары әлемнің ең үздік оқу орындарына жіберіліп, жоғарғы білім алуларына еш өңірде жоқ жағдай жасалынды.

Көрсетілген мерзімде 61 балалар бақшасы мен мектепке дейінгі орталық салынды. Нәтижесінде бөбектерді балабақшамен қамту 27 пайыздан 75 пайызға өсті. Қазір бұл көрсеткіш төмендеуі мүмкін, себебі бір жыл ішінде бірде-бір балабақша салынған жоқ, ал балалар саны өсіп жатыр.

  1. Денсаулық сақтау

Облыста бұл салада да алуан шара, үлкен жұмыс атқарылды. Санамалап айтар болсақ: Атырау қаласында тәулігіне 500 адамға арналған үлкен емхана кешені және Құлсары қаласында, Миялы, Ганюшкино, Мақат, Махамбет, Аққыстау поселкелерінде 250 орындық емхана, Құлсары қаласында 75 орындық, Доссор поселкесінде 40 орындық, Сарытоғай селосында 100 орындық, Миялы селосында 30 орындық өкпе аурулар ауруханасы, Атырау қаласында: 100 орындық перзентхана, облыстық қан орталығы, 180 орындық жұқпалы аурулар ауруханасы, ЖҚТБ (СПИД) ауруын алдын алу және оған қарсы күрес орталығы, мүгедектерді оңалту орталығы салынса, Сарайшық селосындағы жүйке-тамыр жүйесі аурулар интернатына 100 орындық қосымша құрылыс, облыстың елді мекендерінде 10 жанұялық-емдеу амбулаториясы іске қосылды. Сонымен қатар Атырау облысының денсаулық сақтау саласындағы 40 шақты нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, 70 шақты объектінің материалдық-техникалық базасы (медициналық қондырғылар, КТ, ЯМРТ және басқа да қажет құрал-жабдықтар сатып алу) нығайтылды. Бұндай қолдау облыс тарихында ешқашан болған емес!

  1. Мәдениет

Мәдени өрлеу халықтың баға жетпес қазынасы десек, бұл бағытта да облыста алты жылда айтулы шаралар, іргелі істер атқарылды. Оның ішінде ең бастылары: Атырау қаласында 400 орындық облыстық кітапхана және Құлсары қаласында,  Мақат поселкесі мен Ганюшкино селосында 400 орындық мәдениет үйі, сондай-ақ  Құрылыс селосында да  мәдениет үйі, Махамбет селосында М.Өтемісов атындағы мұражайға қосымша құрылыс салынды. Бұдан басқа Атырау қаласында М.Өтемісов атындағы драматеатры, Н.Тілендиев атындағы кіші өнер академиясы жаңғыртылды. Аққыстау селосында 400 орындық мәдениет үйіне, Көктоғай, Х.Ерғалиев ауылдарындағы мәдениет үйлеріне  және облыстағы 8 мәдени нысанға күрделі жөндеу жасалды. Бұндай зор қамқорлық облыстың мәдени-рухани өміріне тың серпіліс берді!

  1. Спорт

Бұл салаға бұрын мүлде көңіл бөлінбей, бүкіл облысқа бір ғана спорт кешені болса, атаулы алты жылда облыстың салада ұшан теңіз жұмыс жасалып, бүкіл өңірдің спорт нысандары қайта салынып,  толығымен жаңартылды.

Оның ішінде: Атырау қаласында мұз айдыны, Балықшы, Геолог-2,  Авангард, Вокзал маңы ықшам ауданындарында және Индербор, Ганюшкино, Махамбет поселкелерінде 400 орындық үлкен спорт кешендері және Ақсай, Сағыз, Есбол, Жаңа-қаратон селоларында шағын дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, Атырау қаласында ескек есу базасы, сондай-ақ облыс бойынша 120 спорт және балалардың ойын алаңы салынды. Одан басқа  «Судоремонтник», «Мұнайшы» стадиондары жаңғыртылып,  Нұрсая ықшам ауданында 600 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталып кеткен еді. Одан басқа демеушілердің көмегімен 50 метрлік олимпиадалық үлгідегі бассейн және футбол, волейбол, баскетбол алаңдары, теннис кортымен қоса 25 метрлік бассейн салынса және облыстың 9 кіші елді мекенінде шағын дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысын бастап кетті.

Облыстың спорт нысандарының 50 пайызы жаңа инвентарлармен қамтылды. Осы атқарылған жұмыстардың арқасында Атырау қаласы мен аудан орталықтары толықтай спорт нысандарымен қамтылды. Қай уақытта, кімнің тұсында спортқа тап осындай қызу қолдау болып еді! Бұл ең озық нәтиже!

Бұдан басқа облыстық Әділет үйі, облыстық прокуратура, облыстық Сот ғимараттары, облыстық ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті үшін спорт залы, Атырау қаласында 300 бейне бақылау камерасымен қамтылған жедел басқару орталығы салынып, ішкі істер департаментінің ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп, материалдық-техникалық базасы  толықтай жаңартылды.

Бұл шаралар өз нәтижесін беріп, облыс орталығы қауіпсіз, тыныш, тұрақтылық орнаған, еуропалық үлгідегі әдемі қалаға айналды емес пе?!

  1. Сумен қамту

Б.Рысқалиев басқарған кезеңде облысты сумен қамтамасыз етуде ұлан ғайыр жұмыс атқарылды. 70 елді мекенде жаңа су тазарту қондырғысы (ВОС) салынды. 110 поселкеде су құбыры жүргізіліп, өйткені бұлардың су жүйелері сонау 80-ші жылдары іске қосылған, ескі, тозығы жеткен, жаңартуға жарамсыз еді. «Теңізшевройл» компаниясының «Игілік» бағдарламасы бойынша 40 миллион АҚШ долларына Құлсары қаласының сумен қамту жүйесін толықтай жаңартты. Нәтижесінде сумен қамту 45 пайыздан 98 пайызға дейін өсті. 40 елді мекенде тап осындай жұмыстар басталып кеткен еді және бұл жобалар 2 жылдан соң аяқталып, осылайша, облыс толықтай таза ауыз суға қолы жетуі тиіс болатын.

  1. Газдендіру

Бұл бағытта аймақта бұрын соңды еш өңірде болмаған тарихи іс атқарылды. Аталған кезеңге дейін аудандарды айтпағанда, облыс орталығы тұрғындарының тең жартысы табиғи газбен қамтылмаған еді.

Осы алты жылда бүкіл облысқа, Азғыр өңірінен басқа, толықтай табиғи газ жеткізілді. Атырау қаласынан бастап 220 мың адам тұратын 115 үлкенді-кішілі поселкелер газдендірілді. Нәтижесінде көгілдір отынмен қамту осы кезеңде 36 пайыздан 96 пайызға артты. Бұл зор жетістік, биік көрсеткіш!

  1. Жылумен қамту

Бұл бағытта да облыста орасан зор істер жүзеге асты. Атырау қаласының 80 пайыз жылутрассасы күрделі жөндеуден өтіп, жаңғыртылды.

Облыстың аудан орталықтары мен барлық поселкелерінің жылу жүйесінің 70 пайызына күрделі жөндеу жүргізілді. 115 газдендірілген елді мекендердің әлеуметтік объектілеріне жаңа жылу қазандықтары салынып, толықтай көгілдір отынға қосылды және облыстағы барлық ескірген осындай  қондырғылар 100 пайыз жаңартылды.

  1. Инфрақұрылым

Инфрақұрылымды дамытуға қомақты қаржы бөлініп, Атырау қаласының жаңа ықшам аудандарына (Алмагүл, Нұрсая, Геолог, тағы басқа салынып жатқан мөлтек аудандар), сонымен қатар бүкіл аудан орталықтарында бой көтерген  жаңа микроаудандарға және облыста салынған жүздеген  әлеуметтік объектілерге су құбыры, канализация, электрлендіру, жылу, газ, жол тарту ісіне жұмсалды. Бұның бәрі халық иілігінде!

  1. Электрлендіру

Атырау қаласының 300-ден аса көшесі жарықтандырылып, одан басқа барлық аудан орталықтарында тап осындай алуан шаралар атқарылды. Және бұның бәрі үздіксіз, кедергісіз жұмыс жасап тұр.

Сала бойынша жүргізілген ауқымды жұмыстың арқасында облыста жарықтың сөніп қалуы толықтай жойылып, өңір ешкімге тәуелді болмай, өзін өзі электр энергиясымен қамтамасыз етуге көшті. Бұл да орындалған басты міндеттің бірі! 

  1. Жолдар мен көпірлер

Баршаға аян, облыста жол мен көпір құрылысын салуда теңдесі жоқ алуан жұмыс жасалды. Алты жылда Жайық өзені арқылы өтетін 5 көпір салынды. Аз  уақытта бұндай алып құрылыс еш жерде жүзеге аспаған еді!

Сонымен қатар Атырау қаласының аумағындағы Жайыз өзенінің 11 шақырым жағалауын бекіту және абаттандыру бойынша үлкен шаралар жүзеге асты.

Айту керек, бұрын облыс орталығының басты 10 көшесінде ғана асфальт жолы болса, 2006-2012 жылдар аралығында қаланың 1200 көшесі мен өткел-қалтарысы, бүкіл аулалары – бәріне тақтайдай тегіс жол төселінді.

Аудан орталықтарындағы барлық басты көшелерге жол салынды. 40 елді мекенге кіре беріс және орталық көшелеріне жол салынып, бұдан басқа жергілікті деңгейдегі көптеген жолдар қайта жаңғыртылды.

Осылайша, Атырау қаласының 85 пайыз, ал облыстың 40 пайыз жолы жаңартылып, қайта салынды.

Бұндай жетістік  елімізде бірде бір өңірде жоқ десек артық айтпаймыз!

  1. Тұрғын үй

Бұндай қайнаған қызу тұрғын үй құрылысы ешқашан болған емес.

Алты жылда облыс орталығында бюджет есебінен 15000 пәтер салынып, мұғалімдер, дәрігерлер, әлеуметтік сала қызметкерлері, аз қамтылған отбасылар, жас жанұялар, соғыс ардагелері және басқа санаттағы көптеген қала тұрғындары жаңа қонысқа ие болды.   Бұндай көрсеткіштер тек қана Астана мен Алматы қаласына тиесілі еді.

Атырау қаласындағы ескі тозығы жеткен, апатты үйлердің 70 пайызы құлатылып, олардың тұрғындары жаңа пәтерлер алды.

Көңіл бөлінбей, артта қалған Сарқамыс, Қаратон(ТШО есебінен), Қошқар, Комсомол, Бек-бике сияқты бұрыңғы мұнайшы елді мекендердің тұрғындары жайлы жерлерге қоныс аударылса, Ескене мен Байшонас селоларының тұрғындарын көшіру үшін  «Қазмұнайгаз Барлау. Өндіру» АҚ қаржы бөлуіне қол жеткізіп кетті.

  1. Абаттандыру

Атаулы жылдарда облыстың кескін-келбеті түбегейлі өзгеріп, Атырау қаласы мен аудан орталықтарын абаттандыруда үлкен жұмыстар атқарылды. Облыс орталығы мен аудандардың санитарлық жағдайы күнделікті қатаң бақылауда болып, осының нәтижесінде тазалық пен тәртіп орнады.

  1. Аяқталмаған құрылыстар

Өкінішке орай, бұрыңғы билік басшылары қолға алған жобалардың бәрін бірдей жүзеге асыра алмай кетті. Соның әсерінен Атырау қаласындағы монша-сауықтыру кешені, киноконцерт залы, қаланың сол жағалауындағы кәріздік-тазалау қондырғысы (КОС) және басқа да кейбір объектілер аяқталмаған күйі солай тұр.

Бұл құрылысы бітпей қалған нысандар жобалау-сметалық құжаттар бойынша салынып, ешқандай проблема болған емес және жобаларды толықтай аяқтау үшін бюджетте қаралған қаржы төленуі тиіс еді, бірақ бұл жүзеге аспады. Ол аз болғандай, тас екеш осы тас ғимарттар да саяси ойындардың құралына айналып, күннен күнге тоналып, ұрланып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп, оған қоса қирап, бұзылуда. Нысанды салып бітіру одан сайын қымбатқа түсетін болады.

Барлық жобалар республикалық мемлекеттік сараптама бекіткен жобалау-сметалық құжаттарға сәйкес жүргізіліп, құрылыс сапалы және жоспарға сай уақытында іске қосылды. 

Өңірде атқарылған зор шараның бірі – шетелдік компаниялармен жұмыс. «Босағадан өтіп, төр менікі дейтін» шетелдік кәсіпорындар осы кезеңде жергілікті биліктің бар екенін сезініп, облыс халқымен санаса бастады.

Қашанда еңбек жолы теп-тегіс емес, тар жол тайғақ кешу сәттері де кездесіп отыратыны өмір заңы. Облыс әкімі лауазымына келген кезде-ақ көптеген ауыр сынақтар болғаны жасырын емес.

Теңіз кен орнында қазақстандықтар мен түрік жұмысшылары арасында жаппай төбелес болды. Компанияның басшыларымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасай отырып, дер кезінде алынған қатаң шаралардың арқасында стратегиялық маңызды ірі кәсіпорынның өндіріс процесіне кедергі келтірілмей, кикілжің шұғыл түрде шешімін тапты.

Сондай-ақ Қашаған жобасының «Болашақ» зауытында 2006 жылдың желтоқсан айында 8000 жұмысшы жалақысын көтеру, еңбек жағдайын жақсарту талаптарымен көтеріліске шықты. Істі насырға шаптырмай, елді дүрбелеңге салмай, жергілікті жерде барлық құқық қорғау органдары мен билік құрылымдарын жұмылдырып, бейбіт түрде, өзі тікелей жұмысшылардың ортасына барып, кездесіп, әр жұмысшының талабына көңіл аударып, жағдайды тұрақтандырды. Ең бастысы нәтиже – әкімшіліктің қолдауымен отандық жұмысшылардың жалақысына «ЛАРА» жергілікті коэфицентін қосу арқылы ай сайынғы еңбек ақысына 26000 теңгеден 35000 теңгеге дейін қосымша табыс қосылды. Жергілікті жұмысшылардың еңбек ету, тұрмыстық жағдайлары толықтай жақсартылып, шетелдіктермен теңестірілді.

Ірі жобаларда құрылыс жұмыстары аяқталғанмен жұмыссыздық мәселесі әкімшіліктің үнемі бақылауында болды. Тіпті отандық жұмысшыны жұмыстан босатқаннан кейін де шетелдік компания бұл адамға уақытша жұмыссыз болғаны үшін ақша төлеп немесе басқа жұмысқа орналастыру үшін қайта оқытуға міндетті еді.

Өкінішке орай, қазір олардың әрбір  екіншісі жұмыссыз, босап қалды.

Әкімшіліктің ұсынысымен алты жылда шетелдік компаниялар жергілікті жерде мамандар даярлайтын және қайта даярлайтын 5 кәсіби оқу орталығын салды.

Және де атқарушы орган-әкімият пен Теңізшевройл компаниясының арасындағы ұзақ келіссөздерден кейін «Игілік» бағдарламасы бойынша облыстың әлеуметтік қажетіне бөлінетін қаржыны 12 млн.АҚШ долларынан 20 млн.АҚШ долларына дейін ұлғайтуға келісімге келді.

Ұлттық компаниялармен жұмыс өте ауыр болса да, бұрыңғы басшылық едәуір жақсы нәтижелерге қол жеткізді.

«Қазмұнайгаз. Барлау. Өндіру» акционерлік қоғамы Ескене, Байшонас тұрғындарын көшіру үшін 5,4 млрд.теңге бөлу туралы келісім шартқа қол қойды. Бұл жұмыстар 2013 жылдың ортасына дейін аяқталуы тиіс болатын, бірақ қазіргі билік жайбасарлық танытып, бұл тұрғындарды мұғалімдер мен дәрігерлер үшін салынған коммуналдық үйлерге көшіре салды.

Шындығында, ұлттық компаниялармен жұмыс жасауда бұдан артық жетістікке қол жеткізу мүмкін емес, оның себебін өздеріңіз де жақсы түсінетін боларсыздар.

Өз алдына бөлек тақырып етіп жазылған бұл аспектілер —  шетелдік және отандық компаниялармен жасалған жұмыстардың бір парасы ғана.

 

Жалпы мақалада бұрыңғы облыс басшысының атқарған басты жұмыстары қысқаша атап көрсетілді.

Егер ақылмен таразыласаңыз, Рысқалиев бюджет қаржысын қымқырған болса, осының бәрін қай ақшаға салар еді? Жабылған жаланың бәрі мүлде қисынға келмейтінін ашықтан ашық көрініп тұр емес пе! Осының бәрін көре тұра, жекелеген адамдар экс-әкім Рысқалиевті әртүрлі бұқаралық ақпарат құралдарында қара күйе жағуға тырысып, барлық күштерді соған жұмылдыруда, ал басқа біреулер үшін бұл өте ыңғайлы сәт, өйткені олар  өздерінің жұмысты ұйымдастыра алмайтындықтарын көрсетіп алмау үшін бюджеттің «ойығын» сылтау етіп  отыр. Не десе де, ең бастысы, қарапайым халық көпірген көп сөзді емес, көзімен көріп, қолымен ұстап-тұтқан нақты  істі ұмытпайды.

Өңір үшін күш-жігерін аямай, терін төккен Б.Рысқалиевтің облыстағы жұмысына баға беретін жергілікті халық, сол жердің тұрғындары. Бұл үшін алысқа барып керек емес, бар болғаны атыраулықтардың шынайы ой-пікіріне құлақ түрсе болғаны.

Барлық  алынған деректер нақты, тексеруге болады.

Тәуелсіз журналист

Талғат Кұрамысов.